Мейірімділік – адамның рухани азығы. Желтоқсан айының 23 күні «Ақбөбек» компаниясында жаңа жылдық қайырымдылық шыршасы өтті. Жаңа жыл — бұл балалардың асыға күтетін мерекесі. Ал, жаңа жылдық шырша бүлдіршіндер үшін ертегі сынды. Аяз ата мен ақшақар, сүйікті ертегілерінің кейіпкерлерімен кездесетін ғажайып күн.

«Ақбөбек» компаниясы жыл сайын осындай ерекше мерекені дәстүрлі түрде атап өтеді. Биыл да дәстүрге сай мүмкінділігі шектеулі, ерекше балаларға арнап, қайырымдылық шыршасын өткізді. Мерекеге балаларды арнайы шақырып, өз ықыластарын көрсетіп сыйлықтарын табыс етті. Биылғы жаңа жылдық қайырымдылық шыршасына барлығы жүзден аса бала қатысты. Балалар асыға күтетін ғажайыпқа толы жаңа жыл мерекесі ерекше көңіл-күй сыйлады. Арнайы ойындар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

«Ақбөбек» компаниясы жыл сайын жаңа жыл кешін ерекше өткізеді. Биылғы жаңа жыл өткен жылдан өзгерек өтті. Биыл балалардың бүгінгі таңдағы қызығушылығын оятып жүрген Өрмекші адам туралы арнайы қойылым қойылды. Кеш барысында Өрмекші адам, Микки Маус, Халк бейнесіндегі кейіпкерлер қойылымдар қойып, балаларға керемет көңіл күй сыйлады. Мерекенің басты кейіпкері Аяз ата мен ақшақар жаңа жылдық көріністі ашып, мерекені одан әрі көңілді ете түсті.