Мейірім шуағы

 

«Ақбөбек» білім беру орталығында қиналғанға қол ұшын созып, жабырқағанға жан жылуын сыйлайтын қайырымдылық шаралары жиі өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат – жас ұрпақтың бойында ізгілікті, жанашырлық пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Айналадағы болып жатқан жәйттерге бейжай қарамай, әр іске жүрек жылуымен қарауға баулу.

Жақында «Ақбөбек» мектебінің 4 «ә» класс оқушылары ата-аналарының және ұстаздарының қолдауымен «Үміт» балалар үйіне барып қайтты. Олар балаларға өз өнерлерін көрсетіп, қызықты ойындар өткізді. Ертегі кейіпкерлері үлгісінде киініп, ертегілерден қойылымдар көрсетті. Сөйтіп, ата-ана қамқорлығынан шет қалған кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың бір сәтте болса жадырауына өз септіктерін тигізді. Кішкентайларға әкелген сыйлықтарын ұсынып, өздерінің балалық жүрегімен жылылық сыйлады.

Сәуле Тұрмағанбетқызы