Наурыз – жаңару мен жақсылықтың мерекесі, Ұлыстың Ұлы күні.

«Ақбөбек» білім беру орталығында балалар мен олардың ата-аналары, ата-әжелеріне арналған «Қош келдің, Наурызым!» атты үлкен мерекелік той-думан өткізілді. Білім беру орталығы жанына киіз үй тігіліп, ыстық бауырсақтар ұсынылып, жиналған көпшілік қасиетті Наурыз көжеден дәм татты.

Келіп жеткен Жылымызды қарсы алуға жиналған үлкен-кішіге ақ жаулықты әжелеріміз тәттіден шашу шашып, Қыдыр ата батасын берді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі де ұмыт қалмай, ән-жыр шырқалып, би биленіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараның мақсаты: жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырып, өз елін, жерін сүюге, құрметтеуге бағыттау.

Концерттік бағдарламаға мектеп оқушылары, ұстаздар, ата-аналар да ықыласпен қатысты. Мерекелік бас қосуды қаламыздағы №1 музыка мектебінің жас домбырашылар оркестрі күмбірлеген күймен ашып берді. Сонымен бірге қазақша күрес, гір көтеру, асық ату, арқан тарту сияқты спорттық ойындардан сайыс өткізілді. Осылайша, «Ақбөбек» білім беру орталығы Жыл басы – Наурыз мерекесін ерекше көңіл-күймен қарсы алды.