«Ақбөбек» білім беру орталығындағы балалар түрлі үйірмелерге қатысып, өздерінің бейімділіктерін шыңдайды. Оларға өз істерін терең меңгерген, баламен жұмыс істеуде еш жалықпайтын ұстаздар дәріс береді. Кішкентай өнерпаздарымыз талай сайыстарға қатысып, өз жетістіктерімен қуантып жүр. Соның бірі жақында өткен республикалық өнер сайысы.

«Көктем көңілі» атты республикалық көркем сөз, ән, би байқауына «Ақбөбек» балабақшасының кішкентай өнерпаздары да қатысқан болатын. Еліміздің әр шалғайынан келген жүздеген оқушылардың ішінен озып шығып, өнерімен тәнті еткен Айша Өтебаева вокал аталымы бойынша Бас жүлдеге ие болды.

Сонымен бірге осы байқауда өнер көрсеткен Зере Нұрмағанбетова мен Сая Бисалиева жүлделі бірінші орынды иеленсе, Наргиз Жалғасбаева, Әлихан Мамытов, Айша Жандосова, Құралай Сүтбаева екінші орынға лайық деп танылды. «Ақбөбектің» кішкентай өнерпаздарын биікке жетелеп жүрген ұстазы Сәуле Тұрғанқызының еңбегі зор. Өнерге құштар жандардың әлі талай биіктерді бағындыратынына сенім мол.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА