«Ақбөбек» білім беру орталығында Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтымен арадағы қабылданған меморандум негізінде «Мектепке дейінгі ұйымдарда оқу процесіне заманауи педагогикалық технологиялар енгізу» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Аталмыш шараның мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері өз тәжірибесінде қолданатын жаңа әдістемелер мен инновациялық технологиялардың қолдану жолдарымен бөлісіп, іс-тәжірибелерін тарату.

Семинарға қаладағы және аудандардағы мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін 50-ге жуық мамандар қатысты. Қатысушылар «Ақбөбек» білім беру орталығындағы мектепке дейінгі ұйым жұмысымен, ондағы тәрбиешілердің топтағы сабақ өткізу тәсілдерімен кеңірек танысты. Тәрбиешілер А.Ипатова, Г.Балиева, Э.Жалмагамбетова, А.Абдрахманова, А.Малдыбаева сабақта ойын технологиясын қолдану, тәрбиешілердің интерактивті тақтаны пайдалана білуі, ертегі желісі бойынша сабақ жүргізу бағыттары жайында әңгімелеп, өз тәжірибелерін көрсетті. «Ақбөбек» білім беру орталығының музыка жетекшісі Сәуле Төребекова «Музыка әлеміне саяхат» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Монтессори кабинетінің маманы Динара Дүйсенбаева балалардың ой-өрісінің дамуына әсер ететін практикалық сабағын жүргізді.

Орталықтың психолог маманы А.Анесова «Біз біргеміз» тақырыбында  тренинг жүргізді. Жиналғандар бала тәрбиесіне, олардың дамуына әсер ететін  тартымды материалдар тұрақты жарияланып тұратын республикалық «Ақбөбек» балалар газетімен танысып, орталықтың игілікті жұмыстарынан көп мағлұматтар алды.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА