Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесіне орай және биылғы жарияланған Жастар жылы аясында «Ақбөбек» білім беру орталығы қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып 2-6 класс оқушылары арасында «Эрудит-2» жобалар қорғау қалалық байқауын өткізді.

Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылықтарын оятып, олардың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін және танымдық деңгейін көтеру болып табылады. Сонымен бірге зияткерлік және ғылыми-техникалық шығармашылық саласында қабілетті және дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету.

Байқау сырттай және күндізгі екі кезеңнен тұрды. Сырттай өткізілген кезеңге қаламыздағы 38 мектептен 184 жоба келіп түсті. Олардың ішінде екінші кезеңге 152 жұмыс жолдама алды. Байқауға қатысуда №9, 18, 23, 41, 56, 60, 66 орта мектеп оқушылары белсенділер қатарынан табылды.

Бірінші кезеңде сырттай қабылданған жұмыстар ережеге сай іріктеліп, екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезең ашық түрде оқушының өз жұмысын қорғауы негізінде жүргізілді. Байқауға 2-6 сынып оқушыларының қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, математика, информатика, физика, техника, медицина, психология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, биология, химия, география, экология секциялары бойынша жұмыстары ұсынылды.

Оқушылар зерттеу барысына сан түрлі тақырыптарды алған. Олардың әрқайсысы алған тақырыптарын жан-жақты тұрғыда ашуға, оның өзектілігін танытуға, өмірдегі шынайы жағдайдағы байланыстарды көрсетуге күш салғаны жобаны қорғау барысында айқын көрініп тұрды. Жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстарына жоғары білікті ұстаздар қауымынан дараланған білікті мамандар әділқазылық етті.

Сәуле Сүлейменова, «Эрудит-2» жобалар байқауының математика-информатика, физика-техника секциясы бойынша әділқазылар алқасының мүшесі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ, Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы: 

-Мұндай байқаулар оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, белгілі бір тақырыпқа тереңдей түсуге үйретеді. Олардың көп біле түсуге деген ынтасын оятады деп ойлаймын. Сол себепті де мұндай байқаулардың балаға берері мол.

«Ақбөбек» білім беру орталығы биыл екінші рет осындай байқауды өткізіп отыр. Ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Білім ордасында 200-ге жуық оқушылар мен олардың ұстаздарын, ата-аналарын қабылдап, олардың жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер жасалғаны көңіл қуантады. Ал, жас зерттеушілердің еңбектеріне келер болсақ, біздің секция бойынша 28 жұмыс келіп түсті. Барлық оқушылар өз деңгейлерінде ізденіп, өзекті мәселелерді қарастырған. Көптеген жұмыстар, яғни барлық жұмыстың 50 пайыздан астамы жоғары деңгейде болды. Бір өкініштісі, байқау болғандықтан жүлделі орындар шектеулі. Қозғалған тақырыптардың барлығы жаңашылдығы, өзектілігі, ғылымилығымен ерекшеленді. Қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптар болды. Оқушылардың сөйлеу мәдениеті жоғары, өз ойларын еркін жеткізе білді.

Лала Абубакирова, экология, география секциясы бойынша әділқазылар алқасының мүшесі, №18 орта мектеп мұғалімі:

-Біздің секцияға 17 зерттеу жұмыстары келіп түсті. Олардың барлығын да ұқыпты қарап, оқушылардың өз жобаларын қорғауын ерекше ықыласпен тыңдадық. Көптеген оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізуге өздерінің қызығушылықтарымен араласқанын байқатты. Дегенмен де тақырып таңдауда оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілсе екен деймін. Өйткені, ғылыми күрделі жұмыстарды алған оқушылар кейбір қарапайым сауалдарға жауап бере алмай жатты. Жетекшілер балаға бағыт бергенде, тақырып таңдауда мұқият болса деймін.

Шапағат Орынтаева, экология, география секциясы бойынша жүлдегер, №34 орта мектептің 3 «ә» класс оқушысы:

-Мен ұстазым Т.Жусипованың жетекшілігімен «Полиэтилен пакеттердің қоршаған ортаға зияны» деген тақырыпта ғылыми жоба қорғадым. Зерттеу жұмыстары маған қатты ұнайды. Осы жұмысымды зерттегенде полиэтилен пакетті және қағазды алып екеуін бір мезгілде жерге көмдім. Екі аптадан кейін қарағанымызда полиэтилен пакетке ештеңе болмаған, ал, қағаз шіріп кеткен. Полиэтилен пакеттің құрамында зиянды элементтер бар. Соған қарамастан қазір бұл пакетті және сондай материалдан жасалған түрлі заттарды адамдар тұрмыста өте көп пайдаланады. Ол топырақта ұзақ жылдар бойы шірімейді, оны отқа жағуға болмайды, ауаға зиянды, улы зат бөлінеді. Тақырыбыма қатысты сауалнамалар жүргіздім. Жұмысымда оның зияндығын дәлелдедім.

Мансұр Жаңабай, тарих, өлкетану, этномәдени секциясы бойынша жүлдегер, №66 орта мектептің 5 «а» класс оқушысы:

-Мен қамыс өсімдігін зерттедім. Зерттеуге ұстазым Гүлжан Жупалаева көмектесті, бағыт-бағдар берді. Зерттеу үшін қамыс өсіп тұрған жерлерге бардым. Қамыс өсімдігінің морфологиясын зерттедім. Бұл өсімдік біздің жерімізде көптеп кездеседі. Сондықтан оны малға азық ретінде де тұрмыстық зат ретінде де пайдаланады. Оның ішінде қамыс тоқу өнері жайында да тереңірек тоқталдым. Қазіргі кезде мұны көп жастар біле бермейді. Зерттеу кезінде өзім білмейтін көптеген мәліметтерді білдім. Өте қызықты. Жұмысым бірінші орынға лайықты деп танылғанда қатты қуандым. «Ақбөбек-Восток» лагеріне жазғы демалысқа тегін жолдамаға ие болдым.

Ғылымға талпынысы бар, өз ойларын ашық жеткізе білетін жас зерттеушілерді қолдаған «Эрудит-2» қалалық жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Әділқазылар алқасы әр секция бойынша үздіктерді анықтап, оларды арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады. Бірінші орынға лайықты жеңімпаздар «Ақбөбек-Восток» лагеріне жазғы демалысқа тегін жолдама алды. Сондай-ақ, екінші орын иегерлері «Ақбөбек» мектеп жанындағы лагерьге тегін жолдама алса, үшінші орынды иемденгендер «Ақбөбек» білім орталығының бассейніне және «Ақбөбек» республикалық балалар газетіне тегін жазылу сертификаттарына ие болды. Сонымен бірге жеңімпаз оқушыларға бағалы сыйлықтар да тарту етілді. Оқушылардың қуанышында шек жоқ, ұстаздар мен ата-аналардың да көңілдері көтеріңкі. Біліммен ғана биік белестерді бағындыруға болатындығына тағы да бір көз жеткізген сайыс болды.

Ирина Қоспағанбетова