Жақында Алғыс айту күні қарсаңында «Ақбөбек» білім беру орталығында көп балалы аналарға көмек көрсету мақсатында «Мейіріммен қол ұшын созамын» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Шараға көп балалы төрт отбасы шақырылып, оларға орталық атынан көмек көрсетілді.

«Ақбөбек» білім беру орталығында қайырымдылық шаралары жиі өткізіліп тұрады. Өткен жылдың қараша айында жыл сайын ұйымдастырылатын «Жылы шұлықтар-7» қайырымдылық акциясы өткізіліп, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға балалар үшін жылы киімдер және 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген болатын.

-«Ақбөбек» білім беру орталығы өңірімізде өткізіліп жатқан қайырымдылық іс-шаралардың қай-қайсысынан да тысқары қалмай өз үлесін қосып келеді. Сонымен бірге орталық қызметкерлері өз тарапынан да қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жоқ-жітікке көмек қолын созуды дағдыға айналдырған. Біздің бастаған ісімізді ата-аналар қауымы да іліп әкетеді. Бәрі де қал-қадірінше қолдан келген көмектерін көрсетеді. Ең бастысы, жақсылық жасаудан ешкім тысқары қалған емес.

Биылғы Алғыс айту күні қарсаңында «Ақбөбек» білім беру орталығы жоғарыдағы отбасыларға көмек қолын созды. Ондағы кейбір көп балалы отбасылар туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білсек, кейбірін қалалық білім бөлімі ұсынды. Біз оларға қолдан келгенше көмек көрсеттік, — дейді «Ақбөбек» білім беру орталығының басшысы Гүлжамал Алпанова.

Қайырымдылық акциясына арнайы шақырылған көп балалы Капаровтар, Қожахметовтер, Абилековтер, Чекризовтер отбасы өздеріне көрсетілген қошемет-құрметке ие болды. Орталық қызметкерлері балалармен бірге барып, телефон арқылы хабарласып, оларға қысқы киімдер (күрте, бас киім, мойын орағыштар, аяқ киімдер), мектепке киетін ақ жейделер мен шалбарлар, спорттық костюмдер, оқу құралдарын сатып алып, бүлдіршіндерге табыстады.

Қолдан келер көмекті көрсетуде компанияның өзі, қызметкерлер аянып жатқан жоқ, дегенмен де қайырымдылық акциясын өткізуде жоқ-жітікке әркез  көмек қолын созып жүретін ата-аналар қауымдастығы белсенділік танытты. «Ақбөбек» білім беру орталығының ұйымшылдығымен төрт көп балалы отбасы балаларына киім-кешектер, 200 мың теңге көлемінде ақшалай және азық-түлік дорбасы табыс етілді. «Ақбөбектің» өнерлі ұландары келген қонақтарға ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ирина Қоспағанбетова