Балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізуді ұйымдастыру ұстаздар мен ата-аналардың әркез назарында. Қаламыздағы «Ақбөбек» мектебінің оқушылары спорттың әр түрімен шұғылданып, бос уақыттарын табиғат аясында өткізуді әдетке айналдырған. Жазда заманауи үлгімен салынған футбол алаңында доп теуіп, суға шомылса, қаста шаңғы, коньки теуіп, биік төбеден төмен қарай сырғанап ерекше көңіл күйге бөленеді.

Қысқы демалысқа оның ішінде отбасылық серуен мен тынығуға ерекше жағдай жасалған қала сыртындағы «Ақбөбек — Восток» лагерінде Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Біз баламен біргеміз» атты отбасылық жарыс өткізілді. Аталмыш шараның мақсаты — отбасы құндылығын және салауатты өмір салтын насихаттау, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру.

Демалыс лагеріне 0-6 класс оқушылары ата-аналарымен бірге барды. Мұнда барлығы 150-ге жуық балалар мен үлкендер жиналды. Жарысқа қатысушылар өзара үш топқа бөлініп, әр топқа төрт командадан біріктірілді. Олар эстафета, доп алып жүгіру, шанамен және шаңғымен сырғанау сияқты сайыстар бойынша өзара жарысты. Балалар мен олардың әке-аналары өздерінің спортқа бейімділіктерін көрсетіп, шымырлық пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Спорттық жарыста бірінші топ бойынша Батырымбетовтер, екінші топтан Сұлтандар, ал үшінші топ бойынша Қамзаевтар отбасы жүлделі бірінші орынға ие болды. Жарысқа асқан белсенділікпен қатысқан Қанатовтар, Иргебаевтар, Қадыралы, және Боранғалиевтар отбасы әділқазылар алқасы шешімімен екінші орынға табан тіресе, Сагиевтер, Малыгиндер, Таужановтар отбасы үшінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, өз белсенділіктерімен көзге түскен Назаровтар мен Есимовтер отбасы да жеңімпаз атанды. Олар өз жеңістерін құтты мекен Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесіне арнады.

Ең бастысы, жарысқа қатысқан балалар өз ата-аналарымен бірге қандай қиындық болса да жеңе білуге үйренді. Алға ұмтылып, еңбектенудің, талмаудың және отбасы мүшелерінің татулығы мен сыйластығының биік мақсаттарға жеткізетініне тағы бір көз жеткізе түсті.

Балалар ата-аналарымен бірге табиғат аясында таза ауада демалып, шаңғы, коньки теуіп, сырғанақта ойнап, ерекше демалыс уақытын өткізді. Сонымен бірге олар ұйымдастырылған сайысты тамашалап, өз командаларына жанкүйер болды. Сайыс соңында жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталып, оларға грамоталар табысталды. Ерекше көңіл күйде тарқасқан балалар мен олардың ата-аналары осындай отбасылық жарыстарды алдағы уақытта да жиі өткізіп тұруға сөз байласты. Ал, «Ақбөбек» білім беру орталығының басшылығы мұндай игі шараларға әркез қолдау білдіретіндіктерін, балалар үшін барлық жақсылықтар жасала беретіндігін жеткізді.

Ирина ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,

Ақтөбе.