Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей қамқорлыққа мұқтаж  балалардың жанашыр қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсыну, әрбір адамның азаматтық парызы. «Ақбөбек» білім беру орталығында жыл сайын  «Жылы шұлықтар» қайырымдылық акциясы  жалғасын тауып келеді. «Ақбөбек» орталығының бастамасымен бастау алған бұл игі іс шарада жеті жыл ішінде 10 миллиондай қаржы жұмсалып, 1000 шақты балаға көмек көрсетілді.

Осындай игі шараның жалғасы «Жылы шұлықтар-8» қайырымдылық акциясы бүгін «Ақбөбек» білім беру орталығында «Білезік» отбасылық орталығы мен Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өтті.Сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылған игі шараға жалпы саны 200 адам қатысты. Жыл сайын өткізілетін қайырымдылық шарасының ауқымы да кеңейіп келеді. Бұл жолғы акцияда 20 отбасыға қамқорлық жасалды. 500мың тенге көлемінде қаржы жұмсалды. «Игі істің басына-жақсы келер қасына» демекші биылғы қайырымдылық шарамызға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қатысты.  Өз атынан 10 ерекше балаға теледидарды сыйға тартты.

«Қайырымдылық жасау үшін қалталы болу маңызды емес. Ол үшін үлкен жүрек керек. Қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкенді-кішілі бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. «Ақбөбек» білім беру орталығының атқарып жатқан игі істері, жақсылықтары Алладан қайтсын.  Осындай істеріңіздің алға басуын тілеймін», — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылған игі шараға «Ақбөбек» компаниясының барлық мүшелері белсене атсалысты. Мектеп пен балабақша қызметкерлері мен ата-аналар ақшалай, заттай көмектерін ұсынса, өнерлі балапандар жиналғандарға ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара  соңында ата-аналар Облыс әкімі Оңдасын Оразалинге, «Ақбөбек» білім беру орталығының басшылығына алғысын жаудырды.